ҚЫЗДЫҢ ЖОЛЫ — ЖІҢІШКЕ
Бүгінгі қызбала,
ертенгі ана,
ұрпақ тәрбиелеуші...
Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа, жиһазға қызықпағандығын жыр-дастандардан білеміз. Алайда қоғамның қатпарлануынан қыз балалардың тәрбиесі кейінгі орында қалуда. Бәлкім,бұл көзге еленбеуі мүмкін. Алайда, өзіміздің ең өрескел қателігіміз осы деп ойлаймын. Қыз бала болашақ – Ана. Ал ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ол адамды өзінің тілінде, ана тілінде сөйлетеді. Ал бүгінгі қыздарымыздың кейпінен өкінішке орай, осы бейнелерді көре алмаймын. Өзім студент болғандықтан қыз балалардан, тіпті өз қатарластарымнан өте ерсі қылықтары көп байқап жатамын. Қазақта қыз тәрбиесіне өте қатты қараған, көзге түсірмеген, қызға қырық үйден тиым деп өсірген. Әрине, барлығына топырақ шашпаймын, дей тұрғанмен, бүгінгі замандастарымды көріп, жәй ғана қарным ашиды.
Кешегі Домалақана, Айша-бибі, Құртқа, Баян, Ұлжан, Зерделердің бүгінгі ұрпағы ақылына көркі, пайымына парасаты сай болуы керек емес пе еді. Сонда қазіргі қыздар болашақта өз ұрпағына бүгінгі өзі көрген тәлім тәрбиесін бере ме?! Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз, өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Ерке қыз, иманды әйел,қасиетті ана солардан шыққан. Мен ешкімді сынамаймын, жәй ғана нәзік жанды аруларымыздың өз сый құрметінде қалғанын қатты қалаймын. Қоғамда өзім куә қаншама жағдайлар орын алды. Ер азаматтардың нәзік жандыларымызды сыйламауы, дөрекілігі, тіпті ұрып-соғуы. Өте ауыр жайыттар.
Дегенмен, осыларға себепші біз қыздар қауымы өзіміз секілдіміз. Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады. Білген білімін аямайды. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады. Осы ата-анамызың сеніміне сай болу, біздің басты міндет. Болашақ өсіп келе жатырған сіңілеріме айтарым, қыз деген киелі атқа сай болыңыздар. Нәзіктік пен еркелікті, ең бастысы арларыңызды сақтаңыздар!
Жансая Наренова