ӨМІР АЯЛДАМАСЫ




                               



  ӨМІР  АЯЛДАМАСЫ



Әдеттегі қала. Іші у-шуға толы14-маршрут. Автобустың қақ төрінен орын алыппын. Жылжи бастады. Кондуктор өзінің күнделікті әдетіне басып "жол ақасын төлеңдер", "ортаға қарай жылжимыз" деген сөздерін қайталады. Көңілі жай, еш уайым-қайғысы жоқ мен құлағыма құлаққапты салып, әуен қостым. Автобус әр бұрылыс жасаған сайын екі жағымда отырған екі қызға кезек-кезек сүйкенемін. Кешірім сұрай беруде ұят деймін-ау бірақ кешірім күтіп отырған олар да жоқ. Менің кінәм еместігіне салып, өз ойларымның тұңғиығына баттым. Әсте уайымы жоқ адамға тек көз алдындағы көрініс қана қызық емес пе?! 

"Еріккенге ермек керек" демекші, әуеннің ырғағына рахаттанып отырып, маршрут ішіндегі адамдарға зер салдым. Бірі телефонмен әлдекімге ұрысып отыр (дауысын естімедім, бірақ ана зілді түріне қарасаң мақтау айтып отырған адамға ұқсамайды), бірі ұйқыда жатыр, бірі терезенің ар жағындағы қаланың көрінісін тамашалауда, бір жігіт мен жақта отырған қыздан көзін алмауда, ал енді бірі өзім секілді құлаққапта. Шаршаңқы, көңілді, жарқын, мұңды, қайғылы, бақытты... Мына автобустан түрлердің түрін кездестіруге болады. Бірі сабақтан, бірі универден, бірі жұмыстан, бірі жұмыссыздықтан, бірі көше аралап, бірі қыдырып, енді бірі ауруына шипа іздеп дәрігерден келе жатқан секілді. 


Әртүрлі жастағы, әртүрлі киінген, әртүрлі жағдайдағы, әртүрлі адамдардың басы осы маршрутта жиналды. Келбеттеріне қарап отырып ішімнен "осы адамдар не ойлайды екен?" деген ойға кеттім. "Үйге барғасын ана қырғын сабақты орындау керек","тағы да үй жинау керек пе, тамақ істеу және баланы қарау тағы бар","несиемді қалай төлеймін?", "менің өмірім сондай керемет","еш жерім ауырмаса екен", "неге олай болды бәрі?", "үйге барайын, дәмді қылып тамақ жасаймын", "үйге барып тезірек демалсам екен", "сериалымның кезекті бөлімі шыққан болса екен" және т.б. ойлар шығар, бәлкім!? 

                     

               


Бұл мендік болжам. Ол ойлар мен ойлағаннан да жарқын немесе мен ойлағаннан да қараңғы болуы мүмкін. Әйтеуір көздерінен үміт сөнбепті. Әр жанның хикаясы әрқилы. Маған оны білу де, сезіну де қиын. Бірақ бар білерім бұл адамдардың бәріне ортақ құндылық "ШЫДАМ". Олар өз өмірлерінің қараңғы тұсына, лас ағысына, мұңды сәттеріне қарамастан шыдап келеді, және бұл теңеулерге қарсы жарық бөліктің, таза арнаның, бақытты кезеңнің болатынына сенеді, сендіреді. Денелерін қанша ауырлық басса да, қанша қиын болып жылағылары келсе де, қанша қуаныштан бал-бұл жайнап, айқайлап жібергілері келіп тұрса да эмоциялары ішінде, өздерін ұстап отыр. Қазір біраз минуттардан кейін олар өз сүйікті үйлеріне оралады. Үйлерінде оларды күтіп отырған отбасылары бар. Иә, оларды еш қайғы-мұңдарына, бастарынан асып кеткен мәселелеріне, кемшіліктеріне қарамастан, өз шынайы "мен" қалпымен қабылдайтын отбасылары бар. Сол отбасымен қауышу үшін мына автобустың тезірек көздеген жерлеріне жеткізгенін қалайды. Кейін әркім өз аялдамаларынан түсіп қалады. Түсіп қалып жатыр... Ал мен жай ғана бәрін сырттай бақылап отырдым.


Өмірдің көрінісі де дәл осы автобус іші секілді. Біріміз жүгіріп, біріміз жүріп, біріміз құлап, біріміз жығылып, біріміз шыңға шығып әйтеуір "өмірді" сүріп жатырмыз. Және әрбір адам өз "өмір аялдамасынан" уақыты келгенде түсіп қалып жатыр. Ол адамдарды біз қимаймыз-ау, бірақ ол адамдар сондай бақытты... 



Тек осы өмір аялдамасынан түсер сәтте артымызда "әттеген-ай" деген өкінішіміз қалмаса екен...




   Әсел Жолдасқалиқызы  




© 2023 CAMPUS 1928.
Запрещено копировать и использовать в какой-либо форме материалы сайта без согласия собственника.

Главный редакторРедакцияАрхив номеровО насПартнеры
СпецпроектыинтервьюСТАТЬИСЦЕНАРИЙ

Статистика сайта:

Мнение редакции может не совпадать с мнением авторов. Редакция не несет ответственности за информацию, содержащуюся в рекламных материалах на сайте журнала Campus 1928.